Жаңалықтарға оралу
21 тамыз 2026

«Автордан оқырманға дейін: шығарманы жариялау және таныстыру»

Үш күндік шығармашылық бағдарлама барысында жас қаламгерлер шығарманы идеядан бастап дайын мәтінге дейін жеткізу, мәтінді редакциялау және оны оқырманға ұсыну жолдарын меңгереді.

«Автордан оқырманға дейін: шығарманы жариялау және таныстыру»
Маңғыстау облысында жас авторлардың шығармашылық қабілетін дамытуға, әдеби мәтінмен кәсіби жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға және шығармаларын көпшілікке таныстыру мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған «JAS QALAMGER» жобасы аясында үш шеберлік сағаты өтеді. Шеберлік сағаттары Writers Room форматында ұйымдастырылады. Форматтың ерекшелігі — теориялық білімді практикалық тапсырмалармен ұштастырып, қатысушылардың өз шығармаларымен тікелей жұмыс істеуі және кәсіби мамандардан менторлық кері байланыс алуы. Үшінші шеберлік сағаты — «Автордан оқырманға дейін: шығарманы жариялау және таныстыру». Үшінші кездесуде жас авторларға шығарманы оқырманға ұсыну, әдеби туындыны жариялау жолдары, көпшілік алдында оқу және шығармашылық позицияны қалыптастыру бағыттары түсіндіріледі. Қатысушылар өз шығармаларына қысқаша аннотация әзірлеп, туындысының негізгі идеясын қысқа әрі түсінікті түрде таныстырып, шығармасынан үзінді оқиды. Сонымен қатар кітап, әдеби платформалар, әлеуметтік желілер және медиа арқылы шығарманы таныстыру мүмкіндіктері қарастырылады. Шеберлік сағатын Нұрбол Оқуов — тәуелсіз журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі, медиа-тренер жүргізеді. Жоба аясындағы Writers Room кездесулері нәтижесінде жас қаламгерлер: әдеби шығарма идеясын қалыптастыруды; шығарманың құрылымын жоспарлауды; кейіпкер мен конфликтіні дамытуды; дайын мәтінді кәсіби тұрғыда редакциялауды; авторлық стильді сақтауды; тіл мәдениетін жетілдіруді; шығармасын көпшілік алдында таныстыруды; оқырманмен және әдеби ортамен байланыс орнатуды үйренеді. Шеберлік сағаттарының маңызды ерекшелігі — қатысушылардың тек теориялық білім алып қана қоймай, өз шығармаларымен тікелей жұмыс істеуі. Нәтижесінде авторлардың шығармашылық идеялары нақты әдеби мәтіндерге айналып, дайын әдеби жұмыстар қалыптастыруға мүмкіндік беріледі. Жоба барысында қатысушылардың шығармашылық дағдыларының өзгеруі мен қанағаттану деңгейі арнайы сауалнама арқылы бағаланады. Сондай-ақ жас авторларға кәсіби жазушылар мен әдебиет мамандарынан кері байланыс беріледі. Шеберлік сағаттарына 14–35 жас аралығындағы жас ақындар, жазушылар, студенттер және әдеби шығармашылыққа қызығатын жастар қатысады. Өтетін орны: Ақтау қаласы, Қ. Сыдиықов атындағы облыстық кітапхана. Өтетін күні: 24.08.2026, 10.00 «JAS QALAMGER» — жас автордың идеясын мәтінге, мәтінін оқырманға жеткізетін шығармашылық алаң. Жоба Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұсынысы бойынша, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен, «Көмек командасы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылады.