Жаңалықтарға оралу
Маңғыстау, Ақтау, Жас қаламгер, Writers Room, әдебиет, Нұрбол Оқуов, медиа, шығармашылық24 тамыз 2026

Ақтауда жас қаламгерлерге шығарманы оқырманға таныстыру жолдары үйретілді

Writers Room шеберлік сабақтарының үшінші кездесуінде авторлар шығарманы көпшілікке ұсыну және заманауи медиа мүмкіндіктерін пайдалану тәсілдерін меңгерді.

Ақтауда жас қаламгерлерге шығарманы оқырманға таныстыру жолдары үйретілді
24 тамызда Ақтау қаласындағы Қ. Сыдиықұлы атындағы облыстық кітапхананың «Креатив» студиясында жас қаламгерлерге арналған Writers Room форматындағы үшінші шеберлік сабағы өтті. Кездесу «Автордан оқырманға дейін: шығарманы жариялау және таныстыру» тақырыбына арналды. Шеберлік сабағын ҚР Журналистер одағының мүшесі, медиа маманы әрі тренер Нұрбол Оқуов жүргізді. Кездесу барысында жас қаламгерлер дайын шығарманы оқырманға ұсынудың негізгі тәсілдерімен танысты. Атап айтқанда, авторлық идеяны қысқа әрі түсінікті жеткізу, шығарманы көпшілік алдында таныстыру және аудиторияның назарын аудару мәселелері талқыланды. Сонымен қатар заманауи медиа кеңістіктің шығармашылықты насихаттаудағы мүмкіндіктері қарастырылды. Жас авторларға әлеуметтік желілер, медиа платформалар және цифрлық құралдар арқылы өз шығармаларын кең аудиторияға таныстыру жолдары түсіндірілді. Шеберлік сабағының практикалық бөлімінде қатысушылар өз шығармаларын таныстыру бойынша арнайы тапсырмалар орындады. Авторлар туындысының негізгі идеясын қысқа форматта жеткізіп, көпшілік алдында сөйлеу тәжірибесін шыңдады. Практикалық жұмыстар барысында қатысушыларға ментор тарапынан кәсіби кері байланыс беріліп, шығарманы таныстыру кезінде назар аударуға тиіс негізгі мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды. Writers Room форматының ерекшелігі – қатысушылардың алған білімін бірден тәжірибеде қолданып, өз шығармаларымен тікелей жұмыс істеуінде. Бұл жас авторларға тек жазу шеберлігін емес, өз туындысын оқырманға жеткізу және шығармашылық позициясын қалыптастыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Үшінші шеберлік сабағымен «Жас қаламгер» жобасы аясында ұйымдастырылған Writers Room кездесулерінің негізгі бағдарламасы қорытындыланды. Іс-шара «Жас қаламгер» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ММ тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен, «Көмек командасы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.