Жаңалықтарға оралу
Маңғыстау, Ақтау, Жас қаламгер, Writers Room, әдебиет, Әнуарбек Бимағамбет, шеберлік сабағы23 тамыз 2026

Ақтауда жас қаламгерлерге мәтінді кәсіби редакциялау жолдары үйретілді

«Writers Room» шеберлік сабағының екінші кездесуінде жас авторлар стиль мен авторлық тілді жетілдіру тәсілдерімен танысты.

Ақтауда жас қаламгерлерге мәтінді кәсіби редакциялау жолдары үйретілді
23 тамызда Ақтау қаласындағы Қ. Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының «Креатив» студиясында жас қаламгерлерге арналған «Writers Room» шеберлік сабақтарының екінші кездесуі ұйымдастырылды. Бұл жолғы кездесу «Мәтінді жетілдіру: редакциялау, стиль және авторлық тіл» тақырыбына арналды. Шеберлік сабағында жас авторларға дайын мәтінді кәсіби тұрғыдан қайта қарау, шығарманың құрылымын жетілдіру, ойды нақты әрі жүйелі жеткізу, артық сөздерден арылу және мәтіннің стильдік тұтастығын сақтау тәсілдері түсіндірілді. Кездесуді ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облысы бойынша филиалының төрағасы Әнуарбек Бимағамбет жүргізді. Ментор жас қаламгерлерге мәтінді редакциялау кезінде автордың өзіндік жазу мәнерін жоғалтпау маңызды екенін атап өтіп, авторлық тіл мен шығарманың мазмұндық тұтастығын сақтаудың жолдарын көрсетті. Шеберлік сабағының практикалық бөлімінде қатысушылар өз мәтіндерімен тікелей жұмыс істеді. Олар арнайы редакциялық тапсырмаларды орындап, шығармаларындағы стильдік ерекшеліктерді талдады. Сонымен қатар мәтіндегі ойдың берілуі, сөйлемдердің байланысы, сөз қолданысы және авторлық қолтаңбаны сақтау мәселелері талқыланды. Әр қатысушыға өз туындысын жетілдіруге бағытталған жеке ұсыныстар берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Writers Room форматы жас авторларға шығарманы тек жазып қана қоймай, оған кәсіби редакторлық көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе қаламгердің жазу шеберлігін жетілдіріп, мәтіннің оқырманға әсерін күшейтуге ықпал етеді. Кездесу барысында жас қаламгерлер өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық ізденістерімен бөлісті. Іс-шара «Жас қаламгер» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылды. Жоба Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ММ тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен, «Көмек командасы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен іске асырылып жатыр.