Маңғыстау, Ақтау, Жас қаламгер, әдебиет, шеберлік сабағы, Анар Шамшадинова22 тамыз 2026
Ақтауда жас қаламгерлерге арналған «Идеядан мәтінге дейін» шеберлік сабағы өтті
Ақтауда жас қаламгерлердің шығармашылық қабілетін дамытуға арналған «Идеядан мәтінге дейін» тақырыбындағы шеберлік сабағы өтті. Кездесу барысында қатысушылар идеяны қалыптастырудан бастап, оны дайын әдеби мәтінге айналдыруға дейінгі шығармашылық үдерістің негізгі кезеңдерімен танысты.

22 тамызда Ақтау қаласындағы Қ. Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының «Креатив» студиясында жас қаламгерлерге арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты – жас авторлардың шығармашылық қабілетін дамыту, әдеби идеяны жүйелі әрі көркем мәтінге айналдырудың тиімді тәсілдерін үйрету және қаламгерлік шеберлігін жетілдіруге бағыт-бағдар беру.
Шеберлік сабағында идеяны қалыптастырудан бастап, оны мазмұнды шығармаға айналдыруға дейінгі шығармашылық үдерістің негізгі кезеңдері талқыланды.
Қатысушылар тақырыпты дұрыс ашу, шығарманың құрылымын жоспарлау, алғашқы нұсқаны жазу, авторлық ойды жүйелі жеткізу және мәтінді редакциялау мәселелері бойынша практикалық кеңестер алды.
Шеберлік сабағын ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облысы бойынша филиалының төрайымы Анар Шамшадинова жүргізді.
Практикалық бөлімде жас қаламгерлер өздерінің шығармашылық идеяларын ортаға салып, арнайы тапсырмалар орындады. Ментор қатысушылардың жұмыстарына пікір білдіріп, ойды еркін жеткізу, өзіндік авторлық стиль қалыптастыру және мәтінді бірізді дамыту тәсілдеріне тоқталды.
Шара барысында жас авторлар өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық ізденістерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Қатысушылар өз туындыларын дамытуға қажетті практикалық білім алып, кәсіби бағыт-бағдармен танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шеберлік сабақтары жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдегі әдеби ортаның қалыптасуына да ықпал етеді.
Іс-шара «Жас қаламгер» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылды.
Жоба Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ММ тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен, «Көмек командасы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен іске асырылып жатыр.